ПРОФЕССОР ЗЕЙНЕП ЕСЕНҒАРАЕВА ТЕЛЕМЕДИЦИНА АРҚЫЛЫ ЖҮЗДЕГЕН ПАЦИЕНТТІ ЕМДЕДІ
👩🏻⚕️ Медицина ғылымдарының докторы, Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының профессоры Зейнеп Батылханқызы Есенғараева он жылдан астам уақыт бойы еліміздің түкпір-түкпіріндегі пациенттерге қашықтан кеңес беріп келеді.
🩺 Соңғы екі жылда телемедицинаның арқасында бұл консультациялар ғылыми орталық мамандары үшін де, шалғай ауылдардағы пациенттер үшін де анағұрлым қолайлы болды. Жасы ұлғайғанына қарамастан, профессор жаңа цифрлық технологияларды меңгеріп, дерматологтың кеңесіне мұқтаж болған жүздеген пациентке нақты диагноз қойып, емді дер кезінде бастауға мүмкіндік жасады.
Зейнеп Батылханқызы Есенғараева – еліміздің жетекші дерматологтарының бірі, денсаулық сақтау саласының ардагері. Ол 280-нен астам ғылыми еңбектің, жеті оқулықтың, монографиялардың, әдістемелік ұсынымдардың және бірқатар өнертабыстың авторы. Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан көпжылдық еңбегі үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» және «Алтын дәрігер» төсбелгілерімен марапатталған.
«Қазақстанның кезкелген тұрғыны телемедицинаның арқасында ғылыми орталығымыздың пациенті бола алады. Ол үшін тек интернет қажет. Жүздеген шақырым жол жүріп келудің, қабылдауды күтудің немесе емді кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Бұл әсіресе сирек кездесетін диагноздар қойылғанда немесе емдеу тактикасын жедел түзету қажет болған жағдайда өте маңызды», – дейді профессор.
Профессордың айтуынша, онлайн-консультацияға көбінесе атопиялық дерматит, есекжем, терінің аллергиялық аурулары және созылмалы дерматоздармен ауыратын пациенттер жүгінеді. Сонымен қатар қашықтан консультация беру форматы сирек кездесетін тері ауруларын анықтауға да мүмкіндік береді.
⚡️ Осындай пациенттердің бірі – Түркістан облысының тұрғыны. Ол денсаулығының ауыр жағдайына байланысты Алматы қаласына келе алмаған. Әйелді бас терісінде, бетінде, мойнында, денесінде және ауыз қуысының шырышты қабатында қатты қышыну мен күлдіреуікті бөртпелер мазалаған. Қашықтан дәрігер кеңес беріп, қажетті тексерулерден кейін оған “Дюрингтің герпетиформды дерматиті” диагнозы қойылды. Бұл – сирек кездесетін созылмалы тері ауруы.
Пациентке ем тағайындалып, арнайы глютенсіз диета ұсынылды. Профессор Есенғараева оны қашықтан бақылап, бірнеше рет онлайн-кеңес беру арқылы емдеу әдісін түзетіп отырды. Осындай тәсілдің арқасында пациент мамандандырылған орталыққа ұзақ уақыт қатынап жүрмей-ақ денсаулық жағдайын жақсарта алды.
«Көптеген тері ауруларын емдеуде жақсы нәтижеге қол жеткізу тек дәрі-дәрмекке ғана емес, дәрігер ұсынған тамақтану тәртібін сақтауға да байланысты. Сондықтан тағайындалған диетаны елемеуге болмайды», – деп атап өтті профессор.
Профессор Есенғараеваның тәжірибесіндегі тағы бір күрделі жағдай Теміртау қаласының тұрғынына қатысты болды. Әйел бірнеше ай бойы ісікке күдікпен ем қабылдағанымен, нақты диагноз қою мүмкін болмаған. Онда қатты ауырсыну, жұмсақ тіндердің айқын қабынуы және көптеген іріңді жаралары болған. Нақты диагноз қою үшін дерматолог, хирург, онколог және терапевт бірлесіп консультация өткізді.
Нәтижесінде мамандар онкологиялық ауруды жоққа шығарып, мүлде басқа емдеу тәсілін қажет ететін сирек кездесетін инфекциялық патологияны анықтады.
Белгілі болғандай, бұл – мадуралық табан (мицетома). Аталған ауру – табанның терісін, теріасты шелмайын, бұлшықеттері мен сүйектерін зақымдайтын ауыр созылмалы инфекциялық дерт. Ол көбіне тропикалық климаты ыстық елдерде кездеседі, ал Қазақстан сияқты қоңыржай климатты өңірлерде тек сырттан әкелінген немесе өте сирек спорадикалық жағдайлар ғана тіркеледі.
👍 Дәрігерлердің бірлескен жұмысы мен телемедициналық бақылаудың арқасында пациент дер кезінде қажетті медициналық көмекті алып, тиісті емін қабылдады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі
🖥 Ресми сайт
https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm?lang=kk
📱 Facebook
facebook.com/healthcare.gov.kz
📱 Instagram
instagram.com/healthcare.gov.kz